Экономикасының дамуы Оңтүстік Қазақстан облысының Атырау облысындағы мәдениет күндері аясында ұйымдастырылған «Қазыналы Оңтүстік» атты жылжымалы көрмесі

 

Оңтүстік Қазақстан облыстық мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен 2015 жылдың қыркүйек айының 23-25 күндері аралығында Атырау жұртшылығының назарына  ОҚО тарихи-өлкетану мұражайының  қорындағы бірегей жәдігерлерден жасақталған «Қазыналы Оңтүстік» атты жылжымалы көрмесі ұсынылды.

Оңтүстік өлкесінің елімізде алатын орны ерекше. Бітімі бөлек, тарихы терең бұл өңiр – ата-бабаларымыздың қашаннан бергi жазылған жайлауы, мекен еткен құтты қонысы. Қойны кенге, үсті ырыс-несібеге толы қазыналы аймақ. Бойына бұққан сыры мол шежірелі өңір. Ұлы Жібек жолы жерінің қиылысында Оңтүстік Қазақстан облысының жері қазақ мемлекетінің бесігі болып есептеледі.Оңтүстіктің Түр­кістан, Отырар, Сайрам, Қазығұрт, Ордабасы, Бәйдібек, Төлеби, Созақ сынды аудандарының қай-қайсысы болса да қасиет тұнған аймақ.

Ұлы Жібек жолы, көне қалалар мә­дениетінің өркендеуі, ежелгі сауда-саттық пен қолөнердің дамуы, ұлы сәулет ескерткіштерінің бой көтеруі,  облыстың қалыптасу тарихы, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп сала­лары­ның жандануы, сондай-ақ, тәуелсіздік жылдарындағы облыстың жеткен жетістіктерінің бәрі «Қазыналы Оңтүстік» көрмесі арқылы көпшілікке жол тартады. Көрме мұражай қорынан жинақталған жалпы саны 1000 астам жәдігерлерден жасақталған.

Атырау  қаласының жұртшылығы мен қонақтарының назарына Қазақстан тарихының сүбелі бөлігін құрайтын өлке табиғаты мен тарихынан жасақталған көрме бірнеше тақырыптарды қамтиды:

«Жасыл кілемдей жайылған ажары – айшығы мен орын алған Оңтүстік табиғаты» - облыс аумағының табиғаты мен жер жағдайы да ерекше. Биік-биік таулар мен жосылып жатқан жоталар, жазық далалар мен шөлейтті құмдар тоғысып, тоғайласып, өзіндік өрнек құрайды. Бұл бөлімде облыс табиғатын бейнелейтін кескіндемелік картиналар, Сайрам, Өгем, Қаратау тауы мен Ақсу-Жабағылы қорығының фотосуреттері мен қазба байлықтары  көрсетілді.

«Тереңнен тамыр тартқан тарих» - Оңтүстік Қазақстан облысы кең-байтақ қазақ жерінің тарихы терең, құнарлы да құйқалы, өзгеше өңірі. Облыс тарихи ескерткіштерімен әйгілі – қорғандар, бекіністер, ежелгі қалалық кесенелер, тұрғындардың қоныс қалдықтары жетерлік. Көрмеден  Бөріжар қорымынан табылған қыш құмыралар, темірден жасалған әшекей бұйымдар, ежелгі қалалардың фотосуреттері мен тақырыпқа байланысты кескіндемелік картиналар көрсетілді.

«Діни наным-сенімдері» - көшпелілердің мәдени дәстүрінің ең маңызды саласы болып табылатын исламға дейінгі діни наным-сенім мен исламға байланысты байланысты сан алуан артефактілер көрсетіліп отыр.

«Тарихи-мәдени ескерткіштер мекені» - өлкемізде қасиетті әулие ата-бабаларымыздың кесене-күмбездері, тарихи-мәдени ескерткіштері мол. Олардың әрқайсысы өз алдына тұнып тұрған шежіре. Бұл бөлімде Бәйдібек ата, Домалақ ана, Ысқақ баба, Баба Түкті Шашты Әзиз кесенелерінің фотосуреттері, кескіндемелік картиналар және VIII-IX ғ.ғ. қыш ыдыстары қойылды.

«Ерліктің арқауы, елдіктің бастауы – Қазақ хандығы» - бұл бөлімде қазақ халқының қалыптасу барысы, нығаю, әкімшілік, саяси, мәдени өркендеуінен айғақ беретін құжаттар көшірмелері, кітаптар көрсетілген. Сонымен қатар облыстық мұражай қорындағы XVIII-XIX ғғ. қазақ  батырларының қарулары мен сауыт-дулығалары қойылып отыр.

«Қолөнерім - өнегем» - облыстық тарихи-өлкетану мұражайының қорынан қазақ халқының  үздік этнографиялық коллекциялары (аяққаптар, қоржындар, шашақбаулар, басқұрлар) көрсетілді.

«Сәукеле, шашбау, білезік, сырға жарасар қазақ қызына...» - қазақ халқының зергерлік өнері ерте замандағы шеберлердің тамаша дәстүрлерін жалғастыра отырып, ғасырлар тереңіне бойлай енген. Ол этнос мәдениетін құрайтын маңызды бөліктерінің бірі болып табылады. Көрмеде қазақ халқының зергерлік бұйымдары – сырғалар, білезіктер, алқалар, бойтұмарлар, белдіктер көрсетілді.

«Тұғыры биік тұлғалар» - қазақ халқы өз тарихында бай музыкалық мәдениеттің өте бағалы негізін қалады. Талантты жыраулар, ақындар, өлеңшілер, күйшілер, әншілер өнер тудыра отырып адамдарды «тамаша құпия» – музыкаға ортақтастырды. Көрмеде Сүгір, Майлықожа, Т. Момбеков, Ш. Қалдаяқовтың жеке заттары, портреттері мен кескіндемелік фотосуреттер қойылады. Сондай-ақ, қазақ халқының тарихындағы тұңғыш кәсіпқой балуаны, тұтас ғұмырын күрес өнеріне арнап, өзге қазақ тақпаған алтын, күміс медальдарды мойнына тұңғыш ілген Қажы Мұқан бабамыздың қолданған заттары, медеальдары, жарнама қағаздары мен кескіндемелік портреті көрсетіледі.Елінің ұлттық мүддесін көксеген, ұлтының өркениетке жетуіне бар күш-жігерін жұмсаған халқымыздың қайратты қамқор азаматтары Т.Рысқұлов, Н.Төреқұлов, С.Қожановтың мұрағат құжаттары мен фотосуреттері қойылды.