Т.Рысқұлов атындағы Түлкібас аудандық тарихи-өлкетану мұражайы

 

Тарихи – өлкетану  мұражайы  қоғамдық  негізде  1963  жылы  құрылды. Алғашқы  мұражай  құрушылар – Симченко М. В., Салибеков  Д.,  Левченко  П. Н, Сарыбеков  Н. 1976  жылы  мемлекеттік  мекеме  мәртебесін  алды. 1983  жылы облыстық  тарихи-өлкетану  мұражайының  бөлімшесі  болып  қайта  құрылды.

1994 жылы саяси және мемлекет қайраткері Т.Рысқұловтың 100 жылдығына орай аты берілді. Т.Рысқұловтың 110 жылдық мерейтойына байланысты мұражай күрделі  жөнделуден  өткізілді.

Мұражай экспозициясы 4 бөлімнен тұрады:

Тұрартану  залында ірі мемлекет және қоғам қайраткері Т.Рысқұловтың  өмірі  мен  қызметі  туралы  мәліметтер  беретін «Өмірдерек», «Т.Рысқұлов  кемеңгер», «Т.Рысқұлов Түркісіб», «Алаштың ардақтысы  Тұрарға тағзым» атты тақта және Тұрартанушы азаматтардың Т.Рысқұловтың Орталық Азия  мен Ресейдің аса көрнекті мемлекет қайраткері әр саладағы атқарған қызметтері туралы дерек  беретін шығармалары орналасқан. Т.Рысқұловтың  қызы Сәуле Тұрарқызының жеке архивінен  алынған құжаттар мен фотосуреттер және Республикалық кинофонд архивінен «Революция  түлегі» атты деректі фильмдерімен толықтырылған. Келесі бөлмедегі экспозицияда РСФСР  Халық комиссиялар кеңесінің төрағасының орынбасары Т.Рысқұловтың Кремльдегі  кабинетінен  көрініс  берілген.

Ауданымыздың көне заман және  этнография  бөліміндегі экспозицияда көне замандағы  тас дәуіріндегі аудан көлемінде орналасқан үңгірлер мен тұрақтар, Сақ дәуірі және түркі  қағанаты, Жібек жолы, қазақ ғұламалары, қазақ хандары  мен  билері  туралы  деректер  берілген. Қазақ халқының салт-тұрмысынан мәлімет беретін киіз үй толық жабдықтармен  орналастырылған. Бұл  экспозиция  археологиялық  қазба  жұмыстарынан табылған  көне  және  ортағасырлық тарихи құнды жәдігерлермен толықтырылған. Осы бөлімде XIX–ғасырдың 80  жылдары -  Ресей, Украина, Повольже елді мекендерінен біздің ауданға жер аударылған славян  халықтарының өмірінен мағлұмат беретін жәдігерлер орын алған.

Аудан тарихы бөліміндегі экспозициясында – Түлкібас ауданының алғашқы құрылған  кезеңі, артель, колхоздастыру, сол кездегі ауылшаруашылық пен өндіріс туралы берілген. Ауданымызда 1937-1938 жылдары репрессияға ұшыраған азаматтар туралы деректер. Ұлы  Отан соғысы батырлары мен ардагерлері, еңбек ардагерлері, білім және мәдениет қайраткерлері, ауданымызға танымал ақындар, ғалымдар туралы мәліметтер және  егемендік алғаннан  кейінгі  құрылыстар, өндіріс мекемелерінің жұмыстары мен табыстары көрсетілген.

Табиғат бөліміндегі экспозицияда – Түлкібас ауданының географиялық жағдайы, Ақсу-Жабағылы  қорығындағы  аңдар, құстар, қызыл  кітапқа  енген  өсімдіктер, дәрілік  шөптер  және  қазба  байлықтары  туралы  деректер  берілген.

Сонымен қатар, мұражайда ауданымызға, облысымызға танымал суретші-сұңғатшы, қол  өнер шеберлері мен зергерлердің еңбектерін халыққа көрсету мақсатында көрме залы  орналасқан.

Мұражай ғимаратының алағында  4  мемориалдық  ескерткіштер:

  1. (1931-1933 жж.) – Ашаршылық  құрбандарына  арналған  ескерткіш, авторы  Иляев  Сұлтан, орындаушы  Атабеков  Саид. Ашаршылық  жылдары  Қазақстан  бойынша  2  млн. 300  мың  адам  ашаршылыққа  ұшырады.
  2. (1937-1938 жж.) – Саяси  қуғын-сүргін  құрбандарына  арналған  ескерткіш. Ескерткіш  авторы  Иляев  Сұлтан, орындаушы  Атабеков  Саид.
  3. Қазақстанда  1937-1938 жж. қуғын-сүргін  жоғары  дәрежеде  жүргізілді. Қазақтың  көптеген  зиялылары  сотсыз  үштіктің  шешімімен  жазықсыздан-жазықсыз  атылды. Олардың  қатарында  алты  алаштың  аруақтылары  Т.Рысқұловтың, С.Сейфуллин, М.Жұмабаев, А.Байтұрсынов т.б.
  4. (1979-1989 жж.) – Ауған  соғысының  құрбандарына  арналған  ескеткіш. КСРО-ның  әкімшілдік-әміршілдік  жүйесі  тұсында  Ауғанстанға  әскер  кіргізді. 10  жылға  жуық  уақытқа  созылған  ешкімге  түсініксіз  соғыста  талай  қазақстандықтар  қаза  тапты. Біздің  ауданымыздан  72  азаматтары  қатысты, соның  жетеуі  сонда  шейіт  болды, ал  біреуі  із-түзсіз  жоғалды.
  5. Тәуелсіз  елдің  ұрпақтарына  орнатылған  «Аманат»  ескерткіші. Мұндағы  ақ  бесік – жаңа  өмірдің  белгісі  болса, ана  білезігімен  күміс  қоңырау – бейбіт  заманды  білдіреді. Бұл  композициялық  шешімнің  идеясын  ұсынған – Д.Мыңбай, орындаушы – Смайыл  Баялиев.

 

Мұражайдың мекен-жайы:

ОҚО Түлкібас ауданы, Т.Рысқұлов ауылы,
Т.Рысқұлов көшесі, 306.
Телефоны:  8 (725-38)  53-175
e.mail: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

 

Галерея