Табиғат, палеонтология және археология залы

 

Табиғат бөлімі. Өлкеміздің табиғатына байланысты экспозиция көрермендерді Оңтүстік Қазақстан облысының өсімдіктер әлемімен және табиғатының алуан түрлі ерекшеліктерімен, пайдалы қазбаларымен таныстырады. Табиғаты әсем, пайдалы қазбаларға бай өлкемізді зерттеуші өлкетанушы ғалымдарымыз Қ.Сәтпаев, П.Тәжібаева, Б.Тризна, Н.Северцевтер жайлы мәліметтер көрсетілген.

Палеонтология бөлімі. Облысымыздың географиялық жағдайы жөнінен мәлімет алған көрермен қауым, әрі қарай географиялық таблицаға, яғни «Жер бетіндегі тіршіліктің пайда болуы» және геологиялық дәуірлердегі атап айтсақ, палеозой, мезазой, кайназой кезеңдеріндегі табылған палеонтологиялық ескерткіштерге көңіл бөледі. Бұл жерде көрермен қауымның назарына облысымыздағы Қаратау, Қазығұрт тау жоталарынан, Қосқорған кешенінен табылған өте сирек кездесетін жануарлардың сүйек қаңқалары, тас болып қатып қалған ағаштардың бағандары, өсімдіктердің, балықтардың, шыбын-шіркейлердің сұлбалары көрсетілген.

Археология бөлімі. Тас, қола, темір дәуірлерінен бастап сақ, үйсін, қаңлы тайпаларының пайда болуы, Түрік, Батыс Түрік, Түргеш, Қарлұқ, Қарахан  мемлекеттерінің құрылуынан және олардың тұрмыс-тіршілігінен мәлімет беретін Күлтөбе, Жуантөбе, Бөріжар, Алтынтөбе, Мардан төбе қорымдарынан табылған жәдігерлер қойылған. Сонымен қатар, Ұлы Жібек Жолының бойында пайда болған Отырар, Шымкент, Сайрам, Түркістан қалалары, осы қалаларда жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған жәдігерлер көпшілік назарына ұсынылып отыр.