Шардара аудандық тарихи-өлкетану мұражайы

 

Оңтүстік Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану мұражайының филиалы Шардара аудандық тарихи-өлкетану мұражайы 2007 жылы облыс әкімдігінің №188 Қаулысымен ресми түрде құрылған. Шардара ауданында ашылған тұңғыш мұражай 2006 жылы аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен негізінен демеушілер көмегімен тұрғызылып іске қосылған. Мұражайдың алғашқы лентасын 2006 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Тамара Дүйсенова қиған сәттен бастап, көпшілікке қызмет ете бастады. Шардара аудандық тарихи-өлкетану мұражайына жинақталған жәдігерлер, негізінен мұражай қызметкерлерінің  ұйымдастыруымен және ең бастысы 2006-2007 жылдары аудан әкімі қызметін атқарған Серікбай Ибадуллаевтың аса зор ықпал етуімен  көпшілік көрсетіліміне ұсыныла бастады. 2006жылы мұражайға 700-ден астам жәдігерлер жиналып, олар Қызылқұм өңірі, аудан тарихы бағыттарында сыр шертер тарихи-мәдени құндылықтар есебінде қор құрамына ендірілді.

Қазіргі уақытта мұражайда 1300-жәдігер негізгі және ғылыми көмекші қор құрамына тіркеліп, олар археология, этнография, табиғат Шардара су электр стансасы, аудан тарихы бөлімдері бойынша аудан мен оның қонақтарының көрсетіліміне тұрақты түрде ұсынылуда. Мұражай құрылған ең алғашқы сәттерден бастап, қор құрамына ендірілген тарихи құжаттар, Оңтүстік Қазақстан облыстық мұрағатымен байланыс нәтижесінде қорға қабылданып,  1958 жылдан бері бастау алатын Шардара су электр стансасы, Қызылқұм магистральді каналы, жаңа құрылған шаруашылықтар мен өндіріс, өнеркәсіп орындары тарихынан мағлұмат беріп сыр шертеді. Сонымен қатар Шардара аудандық тарихи-өлкетану мұражайы 2006 жылдан бастап аудан аумағындағы Сүткент, Жаушықұм қалашығы, Ұзын ата кесенесі секілді тарихи-мәдени нысандардан кездейсоқ табылған жәдігерлерді мұражайдың негізгі қорына ендіру нәтижесінде, Қызылқұм өңірі, Шардара ауданының аумағының ертеорта, ортағасырлардағы тарихынан мағлұмат берер ғылыми негіздегі талдау сараптамалық  жұмыстарды бүгінгі күнге дейін жалғастырып келеді. Шардара ауданындағы мұражайдың құрылған алғашқы жылдарынан бастап, аудандағы ардагерлер, зиялы қауым, ұстаздар мен ресми тұлғалармен ұдайы байланыс орнатылуы нәтижесінде, жәдігер жинақтаудан бастап, көптеген ауқымды істер, іс-шаралар  атқарылды. Атап айтқанда Шардара аудандық тарихи-өлкетану мұражайына аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Тәңірберді Ағманұлы бастап жанашырлық танытуы нәтижесінде, 1958 жылдан басталатын аудан құрылысы тарихына байланысты, Шардара су электр стансасы мен Қызылқұм магистральді каналы шежіресін бейнелейтін көне құжаттар, фотосуреттер және альбомдар көпшілік көңілінен лайықты орын ала бастады. Қазақ халқының ерте замандардан келе жатқан руханияты мен салт-дәстүр,  тұрмыс-тіршілігін және Қызылқұм өңірінің табиғатынан сыр шертер, көрініс беретін жәдігерлер этнография, табиғат бөлімдерінен орын алады. 

Шардара аудандық тарихи-өлкетану мұражайының бүгінгі күнге дейінгі жеткен жетістіктеріне тоқталар болсақ, бірқатар мәліметтерді келтіруге болады. Атап айтқанда, мұражай ұжымы 2009 жылы облыстық деңгейде өткен «Мұражайлар шеруі» байқауында ынталандыру сыйлығына ие болса, 2012 жылы Республикалық ардагерлер кеңесі қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған байқау конкурста Бас жүлдеге қол жеткізді. Ал өткен жылғы ОҚО мәдениет басқармасы ұйымдастырып, мәреге жеткен «Мұражайлар шеруі» сайысы Шардара аудандық тарихи-өлкетену мұражайы үшін үлкен жетістік болып есептелді. Аталған байқауда облыстық мұражай филиалдары арасынан, үздік шығып Бас бәйгені жеңіп алды. Сонымен қатар, мұражайда еңбек ететін қызметкерлер қала, аудан, облыстық деңгейдегі алғыс хаттармен марапатталуда.

Шардара аудандық мұражайы құрылғаннан бастап облыстық, аудандық  деңгейдегі БАҚ арқылы көптеген тарихи-мәдени құндылықтар туралы мақалалар жариялауда. Атап айтар болсақ Шардара ауданы, Қызылқұм өңірі тарихы онда еңбек еткен ардагерлер өмірі жөніндегі мақалалар, очерктер бүгінгі күнге дейін ұдайы түрде жариялануда. Сонымен қатар, Қызылқұм өңірінде туып өскен бүкіл қазаққа танымал болып, Алатау Батыр есімімен әйгілі болған Аз-Ғарап Бесайдарұлының ерлікке толы өткен өмірі, ғылыми тұрғыда зерттеліп, жергілікті газетке  тарихи-танымдық мақала түрінде жарияланды.

Қазіргі уақытта мұражайда жоспарланған іс-шараларды атқарумен бірге келушілерге көрмелер экспозициясын ұсыну, лекциялар оқу секілді ағымдағы жұмыстармен айналысып, Тәуелсіз Мемлекетіміздің, ұлтымыздың тарихи-мәдени құндылықтарын насихаттап, дәріптеуде.

 

Мекен– жайы:  

Оңтүстік Қазақстан облысы, Шардара ауданы, 
Шардара қаласы, Төлеби көшесі № 49 үй  
Телефоны: 8 (72535) 2-28-81 
Эл. мекен-жайы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

 

Галерея