2015 жылдың 14-ші тамыз күні сағат 10.00-де«Арыс жағасында» VI-ретро-фестивалі аясында өтетін Ш.Қалдаяқовтың 85 жылдық мерей тойына арналып жасақталған «Мәңгілік ән қалдырған»атты көрменің ашылу салтанаты мен іс-шарасы өтті.
«Құлақтан кіріп бойды алар, әсем ән мен тәтті күй» деп Абай атамыз жырлағандай, шырайлы Оңтүстік өңірінде жыл сайын ретро-фестивальдің өткізілуі дәстүрге айналып отыр. Ретро-фестиваль аясында ОҚО тарихи-өлкетану мұражайында «Мәңгілік ән қалдырған» айдарлы көрме ұйымдастырылды. «Ән-өмірдің айнасы» демекші, әлем адамзатын сұлулыққа жетелеп, жүректерге нұр құйдырып, нәзік иіріммен әлдилеген ән патшалығының құдіретін айтып жеткізу –шексіздікті талап етеді. Әнмен өмір есігін ашып, әнменен тіршілік демімізді тиянақтап, қоштасып жатамыз. Себебі ән – бесіктегі бала мен таяқ сүйенген қартқа дейін құлағы ұйып тыңдайтын құдіретті күш. Биылғы жылғы көрме – Шәмші Қалдаяқовтың 85 жылдық мерейтойына арналып отыр.
Көрмеде Шәмші Қалдаяқовтың өмір жолы, отбасы, достары, замандастары, шығармашылығына байланысты фотосуреттер, құжаттар, жеке пайдаланған заттары, музыкалық аспаптары, киімі көрініс тапқан. Сонымен қатар көрмеде жыл сайын Шәмшінің туылған күні қарсаңында өткізіліп келе жатқан «Менің Қазақстаным» ән-байқауы, «Арыс жағасында» ретро-фестивалі қамтылған. Оңтүстік өңірі ілкі заманнан сазы мен күйі арқылы қазақ даласына аты шыққан өлке. Сондықтан жасақталған көрмеге оңтүстіктен шыққан әнші, композиторларда көрсетілген.
«Мәңгілік ән қалдырған»атты көрменің ашылу салтанаты және «Арыс жағасында»VI-ретро-фестиваліне арналған баспасөз-конференциясына Қазақстан Республикасының Халық Жазушысы, ақын Мұхтар Шаханов, журналист, сықақшы Көпен Әмірбек, Қазақстанның Халық Әртісі Нұрғали Нүсіпжанов, Шәмші Қалдаяқовтың жұбайы Жәмиля Қалдаяқова, ОҚО Мәдениет басқармасының басшысы Күлия Айдарбекова және мәдениет қызметкерлері мен қала қонақтары қатысты.

