Қазақстан Жазушылар одағының және Журналистер одағының мүшесі, Отырар ауданының Құрметті азаматы, жазушы, қоғам қайраткері Амантұр Әбішұлы Мұсаевтың 90 жылдығына арналған «Адалдық өмір өткелі» атты іс –шара

 

Қазақстан Жазушылар одағының және Журналистер одағының мүшесі, Отырар ауданының Құрметті азаматы, жазушы, қоғам қайраткері  Амантұр Әбішұлы Мұсаевтың 90 жылдығына арналған «Адалдық өмір өткелі» атты іс –шара

2014 жылдың 26-шы желтоқсанда oблыстық тарихи-өлкетану мұражайының конференция залында  Қазақстан Жазушылар одағының және Журналистер одағының мүшесі, Отырар ауданының Құрметті азаматы, жазушы, қоғам қайраткері  Амантұр Әбішұлы Мұсаевтың 90 жылдығына арналған «Адалдық өмір өткелі» іс –шара өткізілді.

Амантұр Әбішұлы Мұсаев  1924 жылы Шәуілдір ауданының Қарақоңыр стансасында, теміржолшының отбасында дүниеге келген. 1932-1936 ж.ж. Түркістан қаласындағы «Қазақстанның 15 жылдығы» атындағы жетіжылдық мектепте, 1936-1941 ж.ж. Арыс қаласындағы Киров атындағы орта мектепте оқып, теміржол интернатында тәрбиеленген. 1941-1942 ж.ж. Шымкенттегі Крупская атындағы екіжылдық мұғалімдер институтында студент әрі лаборант болған. 1943-1945 ж.ж. Шымкент қалалық отын мекемесінің, Шәуілдірдегі  Қарақоңыр отын-орман участогінің табельщик-десятнигі, онан кейін  бастығы болып істеген. 1946-1957 ж.ж. облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде әдеби қызметкер, тілші, жауапты хатшының орынбасары, аудармашы, ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы болып істеді. 1957-1974 ж.ж. «Темір», «Шәуілдір» совхоздарында партком хатшысы, облыстық партия комитетінің нұсқаушысы, аудандық партия комитетінің хатшысы, ал 1974-1986 ж.ж. Шымкентте облыстық баспасөзде мемлекеттік құпияны сақтау жөніндегі басқарманың бастығы қызметтерін атқарды. 1986 жылдан Қазақстан Республикасына ерекше еңбегі сіңген республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер. 1991-1993 ж.ж. облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде бас редактордың шаруашылық жөніндегі орынбасары. 1993-1997 ж.ж. «Оңтүстік тынысы» газетінің бас редакторы болып қызмет атқарған.

Амантұр Мұсаев «Құрмет белгісі» орденімен (1966 ж.), «За трудовое отличие» (1971 ж.) және «За доблестный труд в ознаменование 100 летие со дня рождения В.И.Ленина» және соғыс кезіндегі тылдағы еңбегі үшін «За доблестный труд в Великой Отечественой Войне 1941-1945 г.г.», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы Жеңісінің елу жылдығы» медальдарымен наградталған. Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған. Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 60 жылдығы құрметіне «1941-1945 ж.ж. соғыс ардагері» белгісін, 2004 жылы Отырар ауданының «Құрметті азаматы» атағын алды. 2005 жылы «Ерен еңбегі үшін» медальмен, сондай-ақ «Тыңға 50 жыл -мерекелік медальмен, «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 65 жыл» мерекелік медальмен наградталды.

Амантұр Мұсаев 1993-1998 жылдар аралығында 5 кітап «Ой-хой дүние, заман-ай?!», «Рәтәй», «Мұхтар-Мұхит», «Тағлым», «Қырық ғибрат» атты деректі туындылар жазып, жарыққа шығарды.

Амантұр Мұсаев 2011 жылы 20 наурызда Шымкент қаласында қайтыс болды.

Көрмеде қарымды қаламгер, журналист Амантұр Мұсаевтың өзі қолданған жеке заттары, шығармашылық кезеңдерін баяндайтын фотосуреттері, құжаттары, ордендері, медальдары, және газеттерде жарияланған мақалалары, жарық көрген кітаптары, алғыс хаттары, құттықтау қағаздары қойылған.

Іс-шараға жазушы, Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты, «Парасат» орденінің иегері, Қазақстанға еңбек сіңірген қайраткер-Мархабат Байғұт; жазушы, ақын, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері, облыстық саяси қуғын-сүргін құрбандары мұражайының директоры-Ханбибі Есенқарақызы; ардагер-ұстаз, профессор-Әмір Мұсақұлов; Қазақстанның Құрметті журналисі-Байдулла Қонысбек; Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы-Абай Балажан және Амантұр Мұсаевтың туған-туысқандары, №58, 72 жалпы орта мектебі, физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің мұғалімдері шақырылды.