2015 жылдың 5-ші мамыр күні сағат 10.00-де «Жеңіс» саябағы, «Ерлік» мұражайында облыстық мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған «Ұлы Жеңіске мың тағзым» атты салтанатты іс-шарасы өтті.
Іс-шараның мақсаты: Ұлы Отан соғысы, оның зардаптары, Ұлы Жеңіс туралы мағлұмат беру, Отан үшін жан қиған аталар мен апалардың, Жеңісті көре алмай кеткен боздақтардың рухына бас ие отырып, Отан үшін от кешкен батырларымыздың ерлігін өскелең ұрпаққа кеңінен насихаттау, қазіргі кезде арамызда жүрген ардагерлеріміздің ерлігін үлгі ету, оларды құрметтеуге тәрбиелеу.
Іс-шара қонақтары Б.Момышұлының ескерткішіне гүл қойып, ОҚО тарихи-өлкетану мұражайының қорынан жасақталған «Ұлы Жеңіске мың тағзым» атты тақырыптық көрмемен танысты.Көрме «Оңтүстік өлкесі қаһарлы жылдарда», «Соғыстың қатыгез бейнесі», «Азат етуші майдангерлер» атты үш бөлімнен тұрады.
Бірінші бөлімде. Оңтүстік жұртшылығының соғыс басталысымен-ақ барлық аймақтардағы митингілердің ұйымдастырылуы, әрбір азаматтардың әскери коммиссариаттарға барып соғысқа өз еркімен аттану сәттерінің және де соғыс жылдарындағы тыл еңбеккерлерінің майданға қосқан үлестері туралы фотосуреттері, құжаттары, соғыс жылдарындағы басылымдар, лозунгтер көрініс тапқан.
Екінші бөлімде. Брест қамалы, Мәскеу, Ленинград блокадасы, Сталинград үшін шайқасқан жерлестеріміздің орден, медельдары, куәліктері, әскери киімдері мен соғыс жылдарында қолданған заттары, қару-жарақтары, сонымен қатар соғыстың ауыр бейнесін бейнелейтін фотосуреттер кең көлемде қойылған.
Үшінші бөлімде. Кеңес жауынгерлерінің, оның ішінде жерлестеріміздің өз Отанын ғана емес, Еуропаны азат ету сәттерімен қоса Берлинде Ұлы Жеңісті қарсы алу барысындағы көріністері және батыр атағын алған оңтүстікқазақстандықтардың фотосуреттері, жеке кешендері қойылған. Сонымен қатар көрмеде майдан даласын бейнелейтін окоптар қазылып, әскери палаткілер, жасырыну торлары, жасанды зеңбіріктер, дала асханасы көрініс тапқан. Көрмеде 2000 астам жәдігер қамтылған.
Облыстық театр актерларының қатысуымен «Соғыс оты тұтанды», «Әскерге алыну», «Баласын күткен аналар», «Майдан даласы» атты далалық қойылым көрсетілді.
Сондай-ақ, «Ерлік» мұражайының алдында «Ерлік-елге мұра», «Оңтүстік Қазақстаннан шыққан батырлар», «Ұлы Отан соғысына қатысқан Оңтүстік Қазастандық жауынгерлер» атты естелік кітаптарының тұсаукесері өткізілді.
Мәдени іс-шара облыс әкімдігінің қолдауымен өтті.