Оңтүстік Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану мұражайы 18-мамыр Халықаралық мұражайлар күні қарсаңында «МҰРАЖАЙ ТҮНІ – 2015» біркүндік акциясын өткізді. Акция 2015 жылдың 18 мамыр сағат 10:00-ден - 24:00-ге дейін болды.
1977 жылдан бастау алған халықаралық акцияға 2011 жылдан бері Оңтүстік Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану мұражайы қатыса бастады. Осы уақыт аралығында бұл акция Шымкент қаласының мәдени күнтізбесіндегі есте қаларлық ерекше оқиғаның біріне айналды және акцияға келушілердің саны жыл сайын өсіп келеді.
«Мұражай түні-2015» акциясының негізгі мақсаты-мәдениет саласындағы басты мәдени-білім беру нысандардың бірегейі әрі әлеуметтік-мәдени маңызды ұйым болып табылатын мұражайға қоғам назарын аударту. Атап айтқанда, мәдени-тарихи мұраларды насихаттаудың ерекше түрлері мен алуан бағдарламалар ұйымдастыру арқылы мұражайдың беделін нығайту шараның негізгі мақсаттардың бірі болып табылады.
Акция аясында бала-бақша тәрбиеленушілеріне және қалалық мектептердің бастауыш сынып оқушыларына арналған арнайы бағдарлама жасалды. Мұнда балалар үшін мұражайдың экспозиция залдарына тегін шолу экскурсиясы, қуыршақ театрының қойылымы, «Верю-не верю», «Мынау қандай жәдігер?», «Мұражайда кім жұмыс істейді?» танымдық-викториналық ойындар және «САҚ» киностудиясы түсірген анимациялы фильмдер көрсетілді.
Сонымен қатар, қолөнерші Бейісбековтар отбасының, ҚР Туризм саласаның үздігі, «Этномузей-Қылует» мұражайының директоры, қолөнер шебері Кендебай Қарабдаловтың, ФМБ Назарбаев Зияткерлік мектебінің ұстазы Шымболат Кендебайұлы және мектеп оқушыларының шеберлік сабақтары өтті. Осы іс-шара аясында «Отырар қазақ хандығы тұсында», «Ұлы Жеңіске мың тағзым», Самауырындар коллекцияларының көрмелері қойылып, іс-шара өтуге қолдау көрсеткендерді алғыс хаттармен марапаттау рәсімі өткізілді. Мұражайға келушілер «Зерде-Фито», «Визит», «Усадьба Ладушки», «Білім. Знание» дүкендерінің жәрмеңкелеріне қатысты.
Мұражай есігі қала тұрғындары мен қонақтары үшін сағат 24:00-ге дейін ашық болды.