Акция 2014 жылдың 16 мамыр сағат 1030-дан 2400-ге дейін өтті.
1977 жылдан бастау алған халықаралық акцияға 2011 жылдан бері Оңтүстік Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану мұражайы қатыса бастады. Осы уақыт аралығында бұл акция Шымкент қаласының мәдени күнтізбесіндегі есте қаларлық ерекше оқиғаның біріне айналды және акцияға келушілердің саны жыл сайын өсіп келеді.
Бұл мерекені тек кәсіби мамандардың ғана емес, сондай-ақ ол Қазақстанның тарихи естеліктері және мәдени мұраларын жаңғырту мен сақтауға мән беретін, яғни Мұражай деп аталатын айрықша мәдени институтының шынайы жанашырларының мейрамы деуге болады. «Мұражай түні - 2014» акциясының негізгі мақсаты – мәдениет саласындағы басты мәдени-білім беру нысандардың бірегейі әрі әлеуметтік-мәдени маңызды ұйым болып табылатын мұражайға қоғам назарын аударту. Атап айтқанда, мәдени-тарихи мұраларды насихаттаудың ерекше түрлері мен алуан бағдарламалар ұйымдастыру арқылы мұражайдың беделін нығайту шараның негізгі мақсаттардың бірі болып табылады.
Акция аясында тұңғыш рет бала-бақша тәрбиеленушілеріне және қалалық мектептердің бастауыш сынып оқушыларына арналған арнайы бағдарлама жасалды. Мұнда балалар үшін мұражайдың экспозиция залдарына тегін шолу экскурсиясы, Т. Тәжібаев атындағы №47 мектеп-гимназиясының өнерлі оқушыларының концерті, қуыршақ театрының қойылымы, «Мұражайда кім жұмыс істейді?», «Мынау қандай жәдігер?» танымдық-викториналық ойындар және қазақ, орыс тілдерінде анимациялы фильмдер көрсетіледі.
«Мұражай түні - 2014» акциясының ең басты жаңалығы – «Тарих қойнауынан сыр шерткен» археологиялық көрменің ашылуы және этнограф Кендебай Қарабдаловтың көрмесі мен шеберлік сабақтары. Осы іс-шара аясында мектеп мұражайлары «Өлке тарихының мектеп мұражайларында насихатталуы» тақырыбында іс-тәжірибемен алмасу шарасы, үздік мектеп мұражайлар көрмесі және қалалық мектеп мұражайлар жұмысы байқауының марапаттау рәсімі өткізіледі. Мұражайға келушілер фито шайлар, кітаптар, зергерлік бұйымдардың жәрмеңкесіне қатысып, «Зерде-Фито» ЖШСі, «Білім» кітаптар дүкені мен «Алмаз» зергерлік дүкенінің білікті мамандарынан кеңес алуға болады.
Мұражай есігі қала тұрғындары мен қонақтары үшін сағат 2400 –ге дейін ашық болды.