Оңтүстік Қазақстан облысының Маңғыстау облысы Ақтау қаласындағы мәдениет күндері аясында ұйымдастырылатын «Қазыналы Оңтүстік» көне жәдігерлерден жасақталған көшпелі көрмесінің ашылу салтанаты

 

Оңтүстік Қазақстан облыстық мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен облыс мұражайлары қорындағы бірегей жәдігерлерден жасақталған «Қазыналы Оңтүстік» атты көшпелі көрме 2014 жылдың   мамыр айының 26-30 күндері аралығында Ақтау жұртшылығы мен қонақтарының назарына ұсылынатын болады.

Оңтүстік өлкесінің елімізде алатын орны ерекше. Бітімі бөлек, тарихы терең бұл өңiр – ата-бабаларымыздың қашаннан бергi жазылған жайлауы, мекен еткен құтты қонысы. Қойны кенге, үсті ырыс-несібеге толы қазыналы аймақ. Бойына бұққан сыры мол шежірелі өңір. Ұлы Жібек жолы жерінің қиылысында Оңтүстік Қазақстан облысының жері қазақ мемлекетінің бесігі болып есептеледі. Оңтүстіктің Түр­кістан, Отырар, Сайрам, Қазығұрт, Ордабасы, Бәйдібек, Төлеби, Созақ сынды аудандарының қай-қайсысы болса да қасиет тұнған аймақ.   

Ұлы Жібек жолы, көне қалалар мә­дениетінің өркендеуі, ежелгі сауда-саттық пен қолөнердің дамуы, ұлы сәулет ескерткіштерінің бой көтеруі,  облыстың қалыптасу тарихы, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп сала­лары­ның жандануы, сондай-ақ, тәуелсіздік жылдарындағы облыстың жеткен жетістіктерінің бәрі «Қазыналы Оңтүстік» көрмесі арқылы көпшілікке жол тартады. Көрме облыс мұражайлары қорларынан жинақталған жалпы саны 500 дана жәдігерлерден жасақталған. 

Ақтау қаласының жұртшылығы мен қонақтарының назарына Қазақстан тарихының сүбелі бөлігін құрайтын өлке табиғаты мен тарихынан жасақталған көрме бірнеше тақырыптарды қамтыды: «Жер кіндігі Қазығұрт», «Жасыл кілемдей жайылған ажары – айшығы мен орын алған Оңтүстік табиғаты», «Тереңнен тамыр тартқан тарих», «Қолөнерім - өнегем», «Тарихи-мәдени ескерткіштер мекені», «Көне кітап әлемі – асыл мұра», «Сәукеле, шашбау, білезік, сырға жарасар қазақ қызына...», «Өнер  алыптары», «Алаш азаматтары», «Елбасы және Оңтүстік» және «Туған жер бояулары».

Галерея