Германия мемлекетінің Бохум қаласындағы тау-кен мұражайында 2013 жылдың 26 қаңтары мен 30 шілде аралығында «Белгісіз Қазақстан-Азия жүрегіндегі археология» айдарымен көрме ұйымдастырылды

 

Ұзақ жылдар бойы Қазақстан мен Германияның ДВМ мұражайы Қазақстандағы мыс және қалайы кендерін көне жолмен өңдеу жобасымен бірлесе жұмыс атқарып келеді. Көрменің өткізілуіне осы бірлесе жүргізілген жұмыс мұрындық болып отыр.

Жалпы көлемі 850 шаршы метрді құрайтын көрмеде Қазақстанның 6000 жылдық көне тарихы мен мәдениетінен, қайталанбас дәстүрінен ақпарат беретін 1000 дана көне жәдігерлер қойылған. Көне жәдігерлер арасында Оңтүстік Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану мұражайынан алынған 1974 жылы Отырар маңынан табылған күміс көмбе ерекше сипатқа ие болды. Көмбенің құрамында зергерлік бұйымдар (сырғалар, білезіктер, моншақтар, жүзіктер), белдіктер, күміс ыдыс сынықтары, күміс құймалар және 235 теңге бар. Теңгелер Шығыс Моңғол империясының Эмиль және Пулад қалалары мен Жент, Қарақорым, Алмалық, Қырым қалаларындағы қазына сарайында соғылған. Сонымен қатар, Бөген суқоймасы маңында табылған б.з.д. XV-XIII ғ. жасалынған қола ыдыстар, қазіргі Рысқұлов елді мекеніне қарайтын Шоқпақ маңынан табылған тас келі, Ордабасы ауданына қарасты Жуантөбе қалашығын қазу кезінде Бөріжар қорымынан табылған баға жетпес құнды қола белдік және т.б. Eуропа жұршылығының назарына ұсынылды.